Өзбекстандық 300-ге тарта жас Жұбанов университетіне оқуға түсуге тілек білдірді

Бейсенбі, 16 August, 2018

Шет елдердегі дарынды этникалық қазақ жастарының келуін ынталандыру мақсатында Жұбанов университетінде оларға арнайы жеңілдіктер беріледі. Атап айтқанда, бірінші оқу жылы олар 100% жеңілдікпен оқитын болады. Келесі курстарда олар Қ.Жұбанов атындағы жеке стипендия алуға және Қ.Жұбанов атындағы білім грантына талап ете алады.

Университеттің қолдауының арқасында кәсіби бағдар беру бөлімі Навои, Нукус, Ташкент қалаларында өткізілген Халықаралық көрмелерге қатысты. Жұмыс сапарлары барысында кәсіптік бағдар беру бөлімі қызметкерлері көршілес Өзбекстан Республикасының қазақтар көп тұратын аймақтарын аралап, түсіндіру жұмыстарымен шұғылданған болатын. Атқарылған бағдар беру нәтижесінде өзбекстандық 300-ге тарта жас Жұбанов университетіне оқуға түсуге тілек білдірді. Сол мақсатпен Ақтөбеге келген олар қазір ішкі көші-қон талаптарына құжаттарын сәйкестендіруде. Әрі қарай өзбекстандық жастар әңгімелесу түріндегі емтихан тапсырады. Талапкер-қонақтарды қарсы алған кәсіби бағдар бөлімі басшысы Жамила Идиеваның айтуынша өзбекстандық қандас бауырларымыздың көпшілігі техникалық, экономикалық және педагогикалық мамандығын таңдап отыр.