Жұбанов университетіне 600-ден астам шетел азаматы оқуға түсті

Сенбі, 1 September, 2018

Жұбанов университетіне биыл оқуға түскен 5 мыңға тарта студенттің 600-і шетелдік. Шетелдік студенттердің  көпшілігі Өзбекстаннан, Қырғызстаннан,  Монғолиядан, Қытайдан  және көрші Ресейден. Бұл нәтиже университетте кәсіби бағдар беру жұмыстарының жаңашыл бағыттағы жемісі. Айта кету керек, оқуға түскен шетел азаматтарының көбі өз қандастарымыз. Олар бірінші жылы университет басшылығы шешімімен бір жыл тегін білім алатын болады.  Әрі қарай білім алу барысында үздік үлгерімі, тәртібі, ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы белсенділіктеріне байланысты оқу ақысында жеңілдіктер қарастырылады.

Бүгін Білім алаңында өткен мерекелік шара барысында биыл университет табалдырығын аттаған білім алушыларды ректор Бауыржан Ердембеков шын жүректен құттықтап, білім жолында басталған сапарларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар ректор:  «Біздің университетімізге таңдап түскен әрбір жас бұл оқу орнынан маман ғана емес, оң-солын таныған толыққанды азамат болып шығатынына кәміл сенеміз. Ол үшін оқу орнымыздың оқытушы-профессор құрамы аянбай еңбек ететін болады. Жұбанов университетінде білім алу үшін бар жағдай жасалған.  Республика бойынша рейтингте де мерейіміз үстем,  жоғары оқу орындарының ішінде біздің университет 7-ші орында. Биылғы оқу жылында бакалавриат, магистратура, докторантураға түскендердің саны 5000-нан асты,  дәлірек айтқанда 5318 білім алушыларды қабылдадық. Бұл нәтижеде ала жаз бойы, демалыссыз, түн жарымына дейін құжат қабылдау жұмыстарын атқарған қабылдау комиссиясының барлық мүшелеріне үлкен рахмет айтамын», — деді.

Сондай-ақ университет жанынан биыл ашылған «Жоғары колледжге» 350 студент қабылданды, ал «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алу үшін жаңа оқу жылында 150-ге тарта талапкер Жұбанов университетін таңдады. Олар Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы облыстарынан келген жастар.

Жаңа оқу жылына облыс әкімі бөлген гранттардың жартысынан астамы Жұбанов университетіне беріліп, оған 55 студент ие болды. Ал, 150 студент облысымызда белгілі 45 кәсіпорындар мен әр түрлі қорлардың демеушілік  есебінен білім алатын болады.

Салтанатты шара барысында ректор Б.Ердембеков білім-ғылым саласына сіңірген еңбегі үшін ардагер-ұстаз Валентина Гончареваның кеудесіне «Қ.Жұбанов медалін» тақты, «Шетел тілдері» факультетінің 1-курс студенті Инжифия Каликоваға әлеуметтік қолдау мақсатында Білім гранты сертификатын табыстады, қабылдау комиссиясының 10 қызметкерін, «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан үлгілі студенттерді Алғыс хатпен марапаттады.

Мерекелік шарада оқумен қатар түрлі салада өздерін көрсетіп, есімдері елге танымал болып қалған студент-жастар сөз сөйлеп, табысқа жету жолдарымен бөлісті.